ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті.
Министрдің пікірінше, аудандар мен ауыл жастары спортпен шұғылдану үшін мектеп-интернат-колледждерде білім алуы керек. Қазіргі таңда еліміз бойынша 20 аймақтың 12-інде спорт мектеп-интернат-колледжі бар, қалған 8 өңірде жаңадан ашылатын болады. Осылайша, жастарды кәсіби спортқа тарту жұмысы жалғаса береді.
Сұрақ-жауапқа ұласқан жиында жиналған жұрт өз ұсыныстары мен сауалдарын жолдады.
Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов спорттағы легионерлер мәселесін қозғады.
«Менің өзімнің жеке пікірім, легионерлерді емес, қазақтың балаларын көтеру қажет. Оларға жағдай жасауымыз керек» — деді министр.
Сондай-ақ ведомство басшысы ауылдағы жағдайды ескере отырып, спортты дамытуға қолайлы жағдай жасалатындығын жеткізді. 2029 жылға дейін халықтың 50 пайызы бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылдану керек деген мақсат қойылып отыр.