Төлеби: 63 білім ордасында лагерь және 4 аула тобы жұмыс істеп тұр

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкіміне сәйкес, жаз мезгілінде балалардың демалысын ұйымдастыру мақсатында биылғы 1 маусымнан бастап Төлеби ауданындағы 63 білім ордасында мектеп жанындағы лагерь жұмыс істеп тұр. Мұндай лагерьлердің жұмысы осы айдың соңына дейін жалғаспақ.

Мектеп жанындағы лагерьлерде жазғы каникулдың алғашқы айын 2780 төлебилік оқушы өткізуде. Бұдан басқа, Төлеби аудандық оқушылар үйінің ұйымдастыруымен 120 оқушыға арналған 4 аула тобы жұмыс істеуде.

Сондай-ақ, биыл білім қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің ұйымдастыруымен аталмыш кәсіподақ мүшелерінің 120 баласы жазғы демалысын жергілікті лагерьлерде өткізбек. Ал әлеуметтік статусқа ие 1 мың төлебилік оқушы «Жалпыға бірдей міндетті білім беру» қоры есебінен өз ауданындағы «Қуаныш» лагерінде демалмақ. Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоры есебінен аудандағы оқу үздіктері, пән олимпиадаларының, спорт жарыстарының, өнер байқауларының жүлдегерлері, барлығы 230 оқушы Түлкібас ауданындағы «Арман», «Ерке» лагерьлерінде демалатын болады.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар