Қызылордада журналистер мінген көлік апатқа ұшырады.
«Жалпы, әкімнің (облыс әкімдерін айтады – ред.) соңынан жүретін журналистер жанын шүберекке түйіп, «Хайста» иманын оқып отырады ғой. Келесі нысанға әкімнен бұрын жету, «ойбай, қалып бара жатырмыз» деп жылдамдықты асырып, желдей жүйткитін кездер көп болады. Құдай ақырын берсін, бүгін бір топ әріптесіміз мінген «Хайс» жолдан тайып, жол апатына ұшырапты. Абырой болғанда, адам аман», — деп жазды қызылордалық журналист Әділбек Жақанов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Аталған оқиғаға байланысты Қызылорда облысының полиция департаменті жауап қатты.
«Казгидромет» республикалық РМК-ның хабарлауынша 15 қаңтар күні Қызылорда облысының оңтүстік аймағында көктайғақ болатындығы туралы ескерту берілді. Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің парақшасында да жарияланды.
Бүгін Жаңақорған ауданында жоспарланған бірқатар іс-шараларға облыстан бара жатқан журналистер мінген автокөлік (Toyota Hiace) ауа райының қолайсыздығынан жолдан шығып кеткен.
Адам аман. Шұғыл түрде тиісті көмек көрсетілді. Ешқандай зақым алғандар жоқ. Айта кету керек, бір нысаннан екінші нысанға асығыс жүру болмаған.
Осы ретте, барша облыс тұрғындарын жолға шыққанда барынша қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеміз, — деп хабарлады департамент өкілдері.