Қаңтар оқиғасында жарақат алған балаларға ақша берілді

Қаңтар оқиғасында жарақат алған 13 баланың әрқайсысына «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 3 млн теңгеден берілген. 705 қазақстандыққа жалпы сомасы 2 млрд 625 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілген.

«Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қаңтар кезінде зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілгенін айтты.

«Қайғылы Қаңтар кезінде көптеген азамат зардап шекті. Өзіміздің ресми сайтымызда ақпаратты беріп отырамыз. Кімге қандай көмек берілгені туралы тізімді жаңартып отырамыз. 2023 жылдың 29 желтоқсанындағы ақпаратқа сәйкес, 705 адамға жалпы сомасы 2 млрд 625 млн теңге берілді. Балалардың мәселесіне келер болсақ, кездейсоқ жарақат алған 13 бала бар. Олардың жеке есепшоттарына 3 млн теңгеден қаржы бөлінген болатын. Қаза тапқан азаматтардың кәмелетке толмаған балалары бар. Әр балаға 2 млн теңгеден бердік», — деді Ләззат Шыңғысбаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, бұл балалардың барлық тізімі мен керекті құжаттарын жинап, «Қазақстан халқына» қоры тарапынан эндаумент қоры ашылған.

«Бүгінгі таңда 11-ден астам бала білім гранттарын алып, Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқуын бастап кетті. Ай сайын 40 мың теңгеден стипендия алып отыр», — деп толықтырды «Қазақстан халқына» ҚҚ Басқарма Төрағасының орынбасары.

Сурет: ашық дереккөзден

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар