Алматыда үш жігіт көліктердің катализаторын ұрлап келген

Алматыда көліктердің катализаторын ұрлаған 1998, 1999 және 2000 жылы туған азаматтар ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ұрылардың ақырғы ісі 5 маусымда Медеу ауданында тіркелді.

«Үй ауласында күдіктілер «Тойота Прадо» автокөлігінен катализаторы бар сөндіргішті толық шешіп, алып кеткен. Сонымен 500 мың теңге көлемінде материалдық шығын келтірді. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында сол күні күдіктілер ұсталды. Олардан бөлшектерді кесуге арналған арнайы құралдар тәркіленді. Бұл дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігі бойынша тіркелді. Ұсталғандар өз кінәларын мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың Түрксіб, Бостандық, Әуезов аудандарында осыған ұқсас 9 эпизодқа қатысы бар екені дәлелденді. «Тойота Прадо» көлігінің катализаторы тәркіленіп, қылмыстық іске қосылды», — деді қалалық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қуатбек Науатов.

Сондай-ақ ол катализаторларды қабылдаушы болып жұмыс істейтін сатып алушының ұсталғанын мәлімдеді.

«Ол көліктердің катализаторларын бөлшектелген күйде алғанын, кейін металдың құрамы мен құнын анықтайтын арнайы анализатор арқылы бағалау жүргізгенін айтты. Осыдан соң катализаторларды тапсырушы адамға акт толтырылып, катализаторларды ары қарай зауытқа сату үшін дайындаған. Қазіргі уақытта жедел-іздестіру, тергеу шаралары жүргізілуде», — деді полиция полковнигі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 78 адам өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылғанын хабарлаған болатынбыз.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар