БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – ҚОҒАМ АЛДЫНДАҒЫ БАСТЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Баланың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі. Осы орайда, өскелең ұрпақтың қауіпсіз ортада өсуін қамтамасыз ету мақсатында аудан аумағында ауқымды іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

«Қауіпсіз балалық шақтың кепілі – 2026» республикалық бастамасы аясында Созақ ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері кезекті профилактикалық аулалық аралау жұмыстарын жүргізді.

Маңызды іс-шараға Созақ ауданы ПБ Қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тобының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы, полиция майоры Айжан Манапова және ювеналдық полиция тобының учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Нұрсұлтан Дүйсен қатысты.

Аралау барысында тәртіп сақшылары ерекше бақылаудағы және қолайсыз әлеуметтік ортадағы отбасылардың тұрмыс-тіршілігін егжей-тегжейлі зерделеді. Тұрғылықты мекенжайлар бойынша жүргізілген тексеріс кезінде балалардың өмір сүру жағдайына, олардың тәрбиесі мен сабақ үлгеріміне баса назар аударылды.

Сонымен қатар, құқық қорғаушылар ата-аналармен және заңды өкілдермен жеке-жеке сұхбаттасып, ата-ананың өз міндеттерін тиісінше орындауының маңыздылығы мен отбасындағы заңсыз әрекеттер мен қысымдардың құқықтық салдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кәмелетке толмағандардың заңды мүдделерін сақтау және оларға моральдық-психологиялық қолдау көрсету жайы да сөз болды.

«Баланың қауіпсіздігі – тек бір отбасының емес, баршамыздың ортақ міндетіміз. Тәртіптік және алдын алу шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады. Мақсатымыз – әрбір баланың зорлық-зомбылықсыз, бақытты әрі қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасау» дейді полиция қызметкерлері.

Шара соңында заң талаптарын бұзған жағдайда қолданылатын әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктер туралы ескертулер жасалып, тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылды. Осындай рейдтік жұмыстар аудан көлеміндегі құқық бұзушылықтардың бәсеңдеуіне және отбасылық құндылықтардың нығаюына септігін тигізері сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар