Елімізде баламасы жоқ малшы ауылы қайда?

 

 

Түркістан облысының Сауран ауданында мал шаруашылығына жаңа серпін беретін ірі жоба жүзеге асуда. Ескі Иқан ауылдық округінде елімізде баламасы жоқ мал бордақылау кешені бой көтеріп жатыр. Құны 1,3 млрд теңгені құрайтын жоба іске қосылғанда өңірдегі ет өндірісін арттырып, ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жалпы аумағы 40 гектарды қамтитын кешен бір мезетте 5 мың басқа дейін ірі қара малды бордақылауға арналған. Мұнда тәулігіне 120 басқа дейін мал союға мүмкіндік беретін өндірістік алаң, малшыларға арналған тұрғын үйлер, әкімшілік-іскерлік орталық және қажетті инфрақұрылым нысандары қарастырылған.

 

Жобаның жүзеге асу барысын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып көрді. Өңір басшысы құрылыс жұмыстарымен танысып, шаруалармен пікір алмасты. Кездесу барысында мал шаруашылығын дамыту, ет өндірісін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды. Қазір кешендегі құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Әкімшілік ғимаратының құрылысы 80 пайызға аяқталған. Мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекетінде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Нысан қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген.

 

Жобаның тағы бір ерекшелігі – кешен аумағында шағын шаруашылықтарды біріктіруге мүмкіндік беретін инфрақұрылымның қалыптасуы. Кешен маңында «Муталиб агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 30 шағын мал бордақылау алаңы салынуда. Бұл жобаларды «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қаржыландыру көзделген. Кешен толық қуатына шыққанда 120 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Бұл – ауыл тұрғындары үшін жаңа мүмкіндік, ал өңірдің мал шаруашылығы үшін өндірісті жүйелі ұйымдастыруға жол ашатын маңызды қадам.

 

Жобаның басты ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір жерде шоғырлануы. Мұндай тәсіл ортақ инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, өндірістік шығындарды азайтуға және малды бордақылаудан бастап ет өндіруге дейінгі процесті бір жүйеге келтіруге мүмкіндік береді. Саурандағы бұл кешен – жай ғана мал бордақылайтын орын емес. Ол ет өндірісін ұлғайтып, ауыл шаруашылығын жаңғыртуға және Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін күшейтуге бағытталған ірі өндірістік жоба. Нысан толық іске қосылғанда өңірдегі мал шаруашылығының жаңа деңгейге көтерілуіне серпін бермек.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар