КЕНТАУДА ҚЫСҚЫ МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту және мал шаруашылығының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы ретте Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында орналасқан «KX Real Meat» шаруашылығында қысқы мал азығын дайындау науқаны қарқынды жүргізіліп жатыр.
Биыл шаруашылықта жалпы көлемі 25 гектар алқапқа жүгері дақылы егілген. Егіс алқабы толықтай заманауи тамшылатып суару технологиясымен жабдықталған.

Бұл тәсіл су ресурстарын тиімді пайдаланумен қатар, өнімнің сапасы мен өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жиналатын өнім күз мезгілінде дайындалып, қыс бойы шаруашылықтағы мал басын сапалы азықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жем-шөп қорын нығайтып, сырттан сатып алынатын азыққа тәуелділікті төмендетуге ықпал етеді.

Сонымен қатар, суару жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында шаруашылық аумағында биыл тереңдігі 50 метрлік құдық қазылып, сыйымдылығы 720 тонна су бассейні қазылған. Нәтижесінде егіс алқаптарын сумен тұрақты қамтамасыз етуге қолайлы жағдай жасалған. Мұндай бастамалар өңірде су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге, жем-шөп қорын молайтуға және мал шаруашылығының тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға оң әсерін тигізуде.

Кентау қаласы аумағында ауыл шаруашылығын дамыту және су үнемдеу технологияларын енгізу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Мал азығы қорын молайту, өнімділігі жоғары агротехнологияларды пайдалану және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырудың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, су ресурстарын тиімді пайдалану, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Нәтижесінде өңірде заманауи агротехнологияларды кеңінен қолданатын, тұрақты әрі тиімді жұмыс істейтін ауыл шаруашылығы өндірісі қалыптасып, мал шаруашылығының дамуына жаңа серпін беріледі.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар