Сауран ауданында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында жаңа өндіріс орны ашылды. Кәсіпкер Обиджон Омаровтың бастамасымен іске қосылған «Амина» кондитерлік цехы бүгінде түрлі тәтті өнімдер өндіруді қолға алған.
Кондитерлік цехта түрік пахлавасы, кептірілген нан, круассан, бисквит және түрлі тоқаш өнімдері дайындалады. Кәсіпорын тәулігіне 600 қорапқа дейін, шамамен 1 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Қазіргі таңда 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
«Амина» кондитерлік цехының өнімдері Алматы, Шымкент, Жетісай, Түркістан, Астана және Жезқазған қалаларына жөнелтіледі. Бұл өндіріс орнының өнімдері өңірлік нарықпен қатар, еліміздің өзге қалаларында да сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Кәсіпорынның басты ерекшелігі — франшиза арқылы Өзбекстаннан алынған арнайы технологияны пайдалануында. Соның нәтижесінде дайындалатын бисквит өнімдері тоңазытқышта сақтауды қажет етпей, 30 күнге дейін сапасы мен дәмін жоғалтпайды. Мұндай өнім түрі кәсіпорында ерекше технология бойынша әзірленеді.
Өнім өндіруде халықаралық тәжірибе мен озық технологияларды қолдану кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Ұзақ уақыт бойы сапасын сақтайтын өнімдерді шығару оларды еліміздің әртүрлі өңірлеріне тасымалдауды жеңілдетіп, өткізу географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл өндіріс орнының болашақта экспорттық әлеуетін арттыруға және отандық азық-түлік өндірісінің дамуына қосымша үлес қосуына жол ашады.
Сауран ауданында кәсіпкерлікті қолдау және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру және өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру – өңір экономикасының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті қолдау, өндірісті дамыту, импортты алмастыру және халықты тұрақты жұмыспен қамту жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. «Амина» кондитерлік цехының табысты жұмысы Сауран ауданында өндірістік әлеуеттің артып келе жатқанын көрсетіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға елеулі үлес қосады.

