
Шардарада жылдар бойы күтілген маңызды инфрақұрылымдық жоба іске қосылды. Енді қаладағы 30 мыңнан астам тұрғын санитариялық талаптарға толық сәйкес келетін сапалы ауыз сумен қамтылды.
Ауыз су – кез келген елді мекеннің өмір сапасын айқындайтын ең маңызды мәселенің бірі. Шардара үшін бұл мәселе енді шешімін тапты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында «Шардара» топтық су құбыры («Тама-Тастанбек») пайдалануға берілді.
Жаңа нысанның ашылуына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, шардаралықтармен бірге тарихи сәттің куәсі болды.
Қанат Бозымбаев халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысы айқындаған және Үкімет үшін маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Ал облыс әкімі бұл жобаның Шардара тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырудағы маңызын жеткізді.
30 МЫҢНАН АСТАМ АДАМНЫҢ ТҮРМІСІ ЖЕҢІЛДЕЙДІ
Жобаның ауқымы аз емес. Жаңа су құбырының тәуліктік жобалық қуаты – 24 мың текше метр.
Құрылыс барысында:
- 39,28 шақырым магистральды су құбыры тартылды;
- 14 су алу ұңғымасы бұрғыланды;
- оның 12-сі жұмыс істейтін, 2-еуі резервтік ұңғыма ретінде қарастырылды;
- 500 текше метрлік екі су резервуары салынды;
- 5 мың текше метрлік екі ірі резервуар іске қосылды;
- екі қосалқы станция мен су тазарту қондырғылары орнатылды.
Яғни бұл – бір ғана құбыр тартумен шектелген жоба емес. Шардараның тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтылуын қамтамасыз ететін тұтас инженерлік жүйе.
СУДЫҢ САПАСЫ ҚАТАҢ ТЕКСЕРІЛДІ
Жобаның негізі бұдан бірнеше жыл бұрын қаланған.
2008–2009 жылдары Шардара-Байырқұм жерасты су кен орнында қосымша барлау жұмыстары жүргізіліп, «Тама-Тастанбек» учаскесіндегі жерасты суының қоры зерттелген.
Зерттеу нәтижесі жерасты суларының бактериологиялық, радиологиялық және химиялық көрсеткіштері санитариялық талаптарға сәйкес келетінін көрсетті. Мемлекеттік комиссия шешімімен су қоры 25 жыл мерзімге бекітілген.
Бұл – Шардараға берілетін судың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты маңызды көрсеткіш.
«ТАЗА СУ – ТҰРМЫС САПАСЫ»
Шардаралықтар үшін жаңа су құбырының іске қосылуы – кезекті құрылыс нысанының ашылуы ғана емес. Бұл – күнделікті тұрмысқа тікелей әсер ететін өзгеріс.
Үйге келетін таза су – денсаулық, тазалық, тұрмыстық қолайлылық. Сондықтан мұндай жобаның нәтижесі оның техникалық көрсеткіштерімен ғана емес, халықтың өміріне әкелетін нақты өзгерісімен бағаланады.
Бүгінде Шардарада бұл мәселе жаңа деңгейде шешіліп отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы, Үкіметтің қолдауы және өңірдегі жүйелі жұмыстың нәтижесінде 30 мыңнан астам шардаралық сапалы ауыз суға қол жеткізді.
Бұл – елді мекен инфрақұрылымын жаңғыртудың нақты нәтижесі. Алдағы уақытта Түркістан облысында ауыз су, жол, жылу және басқа да инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары жалғаса бермек.
Шардара үшін жаңа кезең басталды. Енді қала тұрғындары үшін таза әрі сапалы ауыз су – қолжетімді игілікке айналды.

