Созақ ауданында ауыл тұрғындарының кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жаңа өндіріс орындары ашылып, халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасуда. Бағдарлама игілігін көргендердің бірі – Шолаққорған ауылының тұрғыны Раушан Бекболатқызы.
Кәсіпкер биыл жыл басында «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 10 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, тігін өндірісін іске қосқан. Жоба аясында бөлінген қаржыға көрпе тігуге және мақта түтуге арналған заманауи жабдықтар сатып алып, «Алуа» тігін цехының жұмысы жолға қойған.
Қазіргі таңда өндіріс орнында жергілікті 5 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Цехта ұлттық нақыштағы қыз жасауы, көрпе-төсек бұйымдары және тұрмысқа қажетті түрлі тігін өнімдері дайындалады. Өнімдер сапалы материалдардан тігіліп, тұтынушылар сұранысына сәйкес шығарылуда. Кәсіп иесінің айтуынша, алдағы кезеңде өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін көбейту және қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарланған.
«Алуа» тігін цехының жұмысы ұлттық қолөнер мен заманауи өндірісті ұштастыра отырып, отандық өнімнің үлесін арттыруға бағытталған. Сапалы әрі сұранысқа ие тұрмыстық және ұлттық бұйымдарды өндіру арқылы кәсіпорын жергілікті нарықты қажетті өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің дамуына да өз үлесін қосып келеді. Алдағы уақытта өндірістік қуаттылықтың артуы жаңа өнім түрлерін шығаруға, тапсырыс көлемін ұлғайтуға және өнімді өзге өңірлерге шығаруға мүмкіндік береді.
Мұндай өндіріс орындарының ашылуы ауыл тұрғындары үшін жаңа еңбек мүмкіндіктерін қалыптастырып, әсіресе әйелдердің кәсіпкерлікке белсенді араласуына жағдай жасап отыр. Сонымен бірге жергілікті кадрларды жұмыспен қамту, олардың кәсіби біліктілігін арттыру және тұрақты табыс көзін қалыптастыру ауылдардың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде жастардың туған жерінде еңбек етіп, кәсіп бастауына ынталандырып, ауылдық елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.
Созақ ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Жеңілдетілген қаржыландыру арқылы жаңа өндіріс орындарын ашу, ауыл кәсіпкерлерін қолдау және өңдеу өнеркәсібін дамыту өңірдің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл бастамалар Мемлекет басшысының ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру және ауылдық аумақтарды кешенді дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған. Осындай табысты жобалар ауыл экономикасының нығаюына, отандық өндірістің дамуына және халықтың тұрмыс сапасының артуына елеулі үлес қоса береді.

