ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 29 ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕ 98 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровнің төрағалығымен аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларының қатысуымен өндірістік парктерді дамыту мәселесіне арналған мәжіліс өтті.

Жиында өңірдегі өндірістік парктердің құрылысы, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары сараланды.
Бүгінде облыста 29 шағын өндірістік парк құрылып, 275 өндірістік ғимараттың құрылысы басталған. Оның 150-і пайдалануға берілді. Жалпы құны 226,9 млрд теңгені құрайтын 269 инвестициялық жоба қалыптастырылып, бүгінгі таңда 98 жоба іске қосылды.

Өндірістік парктерде өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған жаңа өндірістер ашылып жатыр. Шаға өндірістік паркінде жиһаз өндірісі, сэндвич-панель және металл бұйымдарын шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастаған. Сауран ауданында да жиһаз, құрылыс материалдары мен металл өңдеу бағытындағы өндірістер іске қосылып, жаңа жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Шардара ауданында модульді және капсулалы үйлер, термопанельдер, қасбеттік және декоративті материалдар шығаратын цехтар ашылды. Отырар ауданында темір бұйымдары, құрама жем, жемістерді сублимациялық әдіспен кептіру және құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар іске қосылды.

Төлеби ауданында полиэтилен өнімдері, пластик есік-терезелер, жиһаз және құрылыс материалдары өндірісі жолға қойылды. Қазығұрт ауданында бал шаруашылығына арналған жәшіктер, матрас шығару және пластик ыдыстарды қайта өңдеу жобалары жүзеге асырылуда. Жетісай ауданында жиһаз жасау, металл бұйымдарын өндіру және дәнекерлеу цехтары жұмысын бастады. Созақ ауданында төрт өндірістік жоба іске қосылып, дайын ғимараттар кәсіпкерлерге берілді.

Сонымен қатар Түркістан, Арыс, Кентау қаласы, Ордабасы, Сарыағаш, Мақтаарал, Келес, Сайрам, Түлкібас және Бәйдібек аудандарындағы өндірістік парктерде құрылыс жұмыстарын аяқтау, инженерлік инфрақұрылымды жеткізу және инвесторлар орналастыру жұмыстары жалғасуда.

Мәжілісте кейбір өндірістік парктерде электрмен қамту, құрылыс қарқыны және жобаларды іске қосу мерзімдерінің кешеуілдеуі де талқыланып, электрге жауапты мекемелерге тапсырмалар берілді.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров барлық аудан және қала әкімдеріне өндірістік ғимараттардың құрылысын белгіленген мерзімде аяқтап, бос тұрған нысандарға инвесторлар тартуды, меморандум жасалған жобаларды нақты өндіріске айналдыруды тапсырды. Сондай-ақ инженерлік инфрақұрылым мәселелерін жедел шешіп, өндірістік парктердің екінші кезеңі аясында салынатын жаңа өндірістік ғимараттардың құрылысын уақтылы аяқтауды міндеттеді.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар