ТҮРКІСТАН: ЖАҢА САЛЫҚ КОДЕКСІ БОЙЫНША АКЦИЗДЕЛЕТІН ТАУАРЛАР ТІЗІМІ ТОЛЫҚТЫ

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексіне сәйкес акциздер бойынша бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енді. Онда акцизделетін тауарлар тізбесі кеңейтіліп, есептілік пен әкімшілендіру жетілдірілген. Бұл туралы баспасөз мәслихатында Түркістан облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысының міндетін атқарушы Жанат Талғатұлы мәлімдеді.

«Жаңа өзгерістерге сәйкес, акцизделетін тауарлар қатарына энергетикалық сусындар, құны 77,85 млн теңгеден асатын жеңіл автокөліктер, сондай-ақ 103,8 млн теңгеден жоғары кемелер мен әуе кемелері енгізілді. Сонымен қатар, никотин құрамды сұйықтықтар тізімнен алынып тасталды. Акциз мөлшерлемелері де қайта қаралды. Алкоголь және темекі өнімдеріне салынатын акциздер орта есеппен 10 пайызға ұлғайтылды. Бұдан бөлек, биылдан бастап энергетикалық сусындарға кезең-кезеңімен өсетін жаңа акциз енгізілді. Алғашқы кезеңде оның мөлшерлемесі литріне 100 теңге болып белгіленді. Сондай-ақ, алкоголь өнімдерін сақтау және өткізу саласындағы лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемақы алынып тасталып, оның орнына заңнамада белгіленген алымдар ғана сақталды. Биылдан бастап сыра және сыра сусындарын міндетті цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізілуде. Кәсіпкерлерге ақпараттық жүйеде тіркеліп, кассалық жабдықты бейімдеу қажет»-деді спикер.

Айта кетейік, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында полиция департаментімен жүргізілген бірлескен рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 21,5 мың литр заңсыз алкоголь, 103,5 мың қорап контрафактілік темекі және 412,2 тонна мұнай өнімі анықталды.

Заңсыз акцизделетін өнім айналымының жолын кесу мақсатында Түркістан облысының мемлекеттік кірістер, экономикалық тергеп-тексеру, полиция және көліктік бақылау органдары арасында төртжақты меморандум жасалған.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар