Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары нақты нәтижелерін бере бастады. Сапар аясында жүргізілген келіссөздердің жалғасы ретінде бүгін Түркістан қаласында Қытайдың жетекші өндірістік компанияларының бірі – Henan Sulipu Cable Co., Ltd. компаниясының өкілдерімен маңызды кездесу өтті.
Кездесуде Түркістан облысында кабель өнімдерін өндіру және түсті металдарды терең өңдеу жөніндегі ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Жалпы инвестиция көлемі 8,5 млрд теңгені құрайтын жоба өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа өндіріс орындарын ашуға және экспортқа бағытталған өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерге инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және экономиканы әртараптандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысы өндірістік-инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы өңір ретінде қалыптасып келеді. Біздің мақсатымыз – шикізат экспорттаумен шектелмей, қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндірістерді дамыту. Бүгінгі жоба осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Түркістан облысына инвестиция салу арқылы инвесторлар Қазақстан нарығымен қатар Орталық Азия, Қытай, Ресей және Еуропа бағыттарына шығу мүмкіндігіне ие болады. Біз әрбір инвестордың бастамасын қолдауға және жобалардың табысты жүзеге асуына барлық жағдай жасауға дайынбыз. Бұл өндіріс өңір экономикасының дамуына ғана емес, Қазақстан мен Қытай арасындағы өндірістік кооперацияны жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді, – деді облыс әкімі.
Жоба екі кезең бойынша іске асырылады. Бірінші кезеңде кабель және түсті металл өнімдерін өндіретін заманауи зауыт салынады. Кәсіпорында мыс, жез және алюминий негізіндегі өнімдердің кең ауқымы шығарылмақ. Атап айтқанда, тәулігіне 30 тонна таза мыс өңделіп, кабельдер, электр сымдары және мыс катанкалары өндіріледі. Сонымен қатар жез катанкалары мен профильдері, алюминий табақтары, таспалары және сымдары шығарылады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 30 мың метр кабель және электр сымдарын өндіруге мүмкіндік береді.
Жобаның екінші кезеңінде қорғасын-мырыш оксидін өндіретін жоғары технологиялық өндірістік кешен салу жоспарланған. Экологиялық қауіпсіз технологиялар қолданылатын бұл кәсіпорын жылына 15 мың тонна өнім өндіреді.
Жобаны іске асыру нәтижесінде өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, түсті металл өңдеу өнеркәсібінің жаңа бағыты қалыптасады. Сонымен қатар мыс, алюминий және жез өнімдерін терең өңдеудің толық өндірістік тізбегі құрылып, жергілікті бюджет кірістері ұлғаяды.
Кездесу барысында тараптар өндіріс орнын орналастыру, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері және мемлекеттік қолдау тетіктерін талқылады.
Нұралхан Көшеров Түркістан облысының географиялық орналасуы мен индустриялық мүмкіндіктеріне тоқталып, өңірдің Орталық Азиядағы маңызды логистикалық және өндірістік хабтардың біріне айналып келе жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, соңғы жылдары Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде өңірде жаңа өндірістер іске қосылып, шетелдік инвесторлардың қызығушылығы артып келеді. Бүгін талқыланған жоба да Түркістан облысының индустриялық және экспорттық әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болмақ.
ТҮРКІСТАНДА ТҮСТІ МЕТАЛДАРДЫ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ ЖӘНЕ КАБЕЛЬ ӨНДІРЕТІН ІРІ ЗАУЫТ САЛЫНАДЫ
