Түркістандық полицейлер студент жастарға қызметтің қыр-сырын таныстырды

Жетісай аудандық полиция бөлімінде жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық қорғау органдарының қызметімен таныстыру және полиция мамандығына қызығушылықты қалыптастыру мақсатында «Ашық есік күні» өтті.

Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мамандары және Ғ. Мұратбаев атындағы педагогикалық колледжі мен медицина колледжінің студенттері қатысқан шарада студенттер тергеу, анықтау және жедел-криминалистикалық бөлімшелердің қызметімен танысып, полиция қызметкерлерінің күнделікті атқаратын жұмыстары туралы ақпарат алды.

Кездесу барысында полицейлер жастарға Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар, оның ішінде сталкинг пен некеге тұруға мәжбүрлеуге қатысты заң талаптарын жан-жақты түсіндірді.

Іс-шара барысында студенттер полиция қызметінің ерекшеліктері мен жауапкершілігі жоғары мамандық екеніне жан-жақты көз жеткізді. Құқық қорғау органдарының әрбір құрылымдық бөлімшесінің атқаратын міндеттері таныстырылып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында атқарылатын жұмыстар туралы кеңінен ақпарат берілді. Мұндай кездесулер жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, олардың заң талаптарын құрметтеуіне және азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

Полицейлер студенттерге қазіргі қоғамда жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың алдын алу жолдары туралы да түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе интернет алаяқтығы, киберқылмыс, буллинг, кибербуллинг, есірткі қылмыстары мен қоғамдық тәртіпті бұзудың құқықтық салдары жөнінде нақты мысалдар келтірілді. Сонымен қатар жастарға әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалану, жеке деректерді қорғау және күмәнді ақпараттарға сақтықпен қарау қажеттігі жөнінде маңызды кеңестер берілді.

Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, студенттер полиция қызметіне қатысты өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тәжірибелі мамандардан толыққанды жауап алды. Болашақ мамандар құқық қорғау саласына жұмысқа орналасу талаптары, оқу орындарына түсу тәртібі, қызметтік дайындық кезеңдері мен мансаптық мүмкіндіктер туралы мағлұмат алды. Бұл жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығын арттырып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне үлес қосуға деген ынтасын күшейте түсті.

Осындай танымдық кездесулер құқықтық сауатты қоғам қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Жастардың заң талаптарын білуі, құқықтары мен міндеттерін дұрыс түсінуі құқық бұзушылықтың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, білім беру ұйымдарымен бірлескен профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады. Мұндай бастамалар Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі болып табылады.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар