Түркістан облысында тазалыққа қатысты талап күшейді. Жыл басынан бері қоқыс тастап, санитарлық талаптарды және қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтарға 11 мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылып, 180,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Тазалық – тек сенбілік кезінде еске түсетін мәселе емес. Түркістан облысында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту және қоғамдық орындарды таза ұстау бағытындағы бақылау күшейіп келеді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жыл басынан бері тазалық талаптарын бұзғандарға қатысты нақты шаралар қабылданған.
Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы бойынша 4 989 әкімшілік хаттама толтырылып, 147,1 млн теңге айыппұл салынды. Оның 95,6 млн теңгесі өндірілді.
Ал 505-бап бойынша тағы 6 453 хаттама рәсімделіп, 33,7 млн теңге айыппұл салынған. Оның 26,3 млн теңгесі өндірілген.
Осылайша екі бап бойынша салынған айыппұлдың жалпы көлемі 180,8 млн теңгеге жетіп отыр.
ҚОҚЫС ҮЙІНДІСІНЕ ҚАТЫСТЫ ШАҒЫМ АЗАЙМАЙ ТҰР
Тазалық мәселесінде тұрғындардың өз белсенділігі де маңызды. «Таза Қазақстан» Telegram чат-ботына жыл басынан бері 1 736 өтініш түскен.
Тұрғындардың хабарламалары негізінен тазалық, қоқыс үйінділері, аулалар мен қоғамдық орындардың жағдайына қатысты. Түскен өтініштер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар ауылдық округ әкімдіктері тарапынан 505-бап бойынша 3 294 хаттама толтырылған. Оның ішінде 2 940 адамға ескерту жасалып, 18,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Оның 10,8 млн теңгесі өндірілді.
Бұл көрсеткіштер тазалық мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді. Бір жағынан, арнайы қызметтер аумақтарды тазалап, абаттандыру жұмыстарын жүргізсе, екінші жағынан, ортақ кеңістікке жауапкершілікпен қарамайтын азаматтар бар.
153 КЕМШІЛІК АНЫҚТАЛДЫ
Өткен аптада Ордабасы, Төлеби және Мақтаарал аудандарындағы саябақтар, скверлер мен көпқабатты үйлердің аулалары тексерілді.
Мониторинг барысында 153 кемшілік анықталған.
Аудан әкімдіктеріне анықталған олқылықтарды жою бойынша нақты тапсырмалар берілді. Олардың орындалуы бақылауда болады.
Бұдан былай елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру жұмысын тиісті деңгейде ұйымдастырмаған ауылдық округ әкімдерінің де тәртіптік жауапкершілігі қаралмақ.
ТАЗАЛЫҚ – ТЕК ӘКІМДІКТІҢ ЕМЕС, БАРШАНЫҢ ЖҰМЫСЫ
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдеріне тазалық жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Әсіресе қоқыс жиі жиналатын жерлерде тұрақты мониторинг пен рейдтер жүргізу, демалыс орындары мен тұрғын үйлердің аулаларын таза ұстау міндеттелді.
Мұндағы мақсат – тек айыппұл салу емес, тұрғындарға ортақ тәртіпті қалыптастыру.
Өйткені таза көше, жинақы аула, қоқыссыз саябақ – ең алдымен сол жерде тұратын халықтың күнделікті өміріне әсер етеді.
«Таза Қазақстан» ұранының мәні де осында: тазалықты бір күндік науқан емес, күнделікті әдетке айналдыру. Ал табиғатты, көшені немесе ауланы ластауға немқұрайды қарайтындарға салынған 180 млн теңгеден астам айыппұл – тазалық талабының енді жай ескерту деңгейінде қалмайтынын көрсетеді.

