«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП» : ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ РЕСПУБЛИКАДАҒЫ ЕҢ ҚАУІПСІЗ ӨҢІРЛЕР ҚАТАРЫНАН ТАБЫЛДЫ

Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Полиция департаменті және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 — 2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы» іске асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте кеңінен талқыланды.

Жиында Түркістан облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары Бауыржан Жанаев баяндама жасап, тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі жоспар 5 негізгі бағыт пен 55 іс-шарадан тұратынын айтты. Оның ішінде Полиция департаменті мен жергілікті атқарушы органдарына іс-шараның 9 тармағы белгіленген.

«Заң мен Тәртіп» қағидаты негізінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, есептік мерзімде, құқықбұзушылық – 4,6 %-ға, қылмыс – 4,5 %-ға, сондай-ақ қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар – 3,6 %-ға, оның ішінде көшеде жасалған қылмыстар – 1 %-ға төмендеген. Нәтижесінде Түркістан облысы криминогендік ахуал бойынша республикадағы ең қауіпсіз өңір ретінде танылды.

Қоғамдық тәртіпті сақтауға облыс бойынша 1236 қоғамдық көмекші тартылып, олардың қатысуымен 451 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 11 қылмыстың ашылуына ықпал жасады. Азаматтарға құқықтық көмек көрсету мақсатында биылғы жылы «Жолда қабылдау» акциясы 23 рет ұйымдастырылып, оған 120 маман жұмылдырылды. Нәтижесінде 3 мыңнан астам азаматтың өтініші қаралып, құқықтық кеңестер берілді.
Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу мақсатында білім, қоғамдық даму, денсаулық сақтау басқармалары және «Жастар ресурстық орталығымен» бірлесе 883 профилактикалық іс-шара өткізілді. Сонымен қатар облыста 21 «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылып, онда 458 оқушы білім алуда. Облыс прокуратурасымен бірлескен «Қауіпсіз балалық шақ кепілі» жобасы аясында мектептерде құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған тұрақты профилактикалық сабақтар өткізілуде.

Мәжілісте Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл де баяндама жасап, тұжырымдаманы іске асыру бойынша ақпараттық-насихат жұмыстарының нәтижелеріне тоқталды. Оның мәлімдеуінше, жыл басынан бері облыс көлемінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастар арасында 329 іс-шара өткізіліп, 30 мыңға жуық жас қамтылды. Сонымен қатар жастар арасында құқықбұзушылық, нашақорлық, лудомания, ерте жүктілік, буллинг, сталкинг және аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу бағытында 956 психо-профилактикалық іс-шара өткізіліп, 70 150 жас қамтылды.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындау, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, нашақорлықпен, лудоманиямен және интернет-алаяқтықпен күрес бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ барлық жауапты мемлекеттік органдар мен мүдделі мекемелердің өзара іс-қимылын күшейтіп, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында белгіленген міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды жүктеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Ұқсас жаңалықтар

Соңғы жаңалықтар